Тахауи театры дарынды һәм талантты жас мамандарға сусап тұрған жылдары сахнаға жаңа леп, өзгеше реңк әкелген Толағай Қарасаев секілді жастарды көрермен бірден байқады. Киелі сахнадағы шынайылық та, жасандылық та көзі қарақты көрерменнің назарынан тыс қалмайтыны ақиқат. Драма мен трагедияда, тарихи эпос пен сатиралық қойылымдарда бірден өз қолтаңбасын көрсете алған Толағай шеберлігімен, шынайылығымен өз аудиториясының ықыласына бөленді.
Ол С.Асылбекұлының «Желтоқсан түні ызғарлы» қойылымында Т.Қалбаевич бейнесін, Д.Исабековтің «Ескерткіш операциясында» Әштен рөлін, Б.Васильевтің «Таң алдындағы тыныштығында» Васков образын сәтті сомдады.
Т.Ахтановтың қос бірдей пьесасындағы — «Анттағы» Сауран сұлтан мен «Махаббат мұңындағы» Нарқоспақ бейнелері — актердің ішкі тереңдігін, тарихи тұлғаны сахнада «тірілту» шеберлігін айқын көрсете алды. Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегіндегі» Арман, Ж.Әлмашұлының «Нарқызындағы» Бала би, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырындағы» Қайырбай рөлдерін, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» мен «Ерназар-Бекетінде», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлуында» және С.Қасымбектің тарихи драмаларында өз ролін шеберлікпен алып шықты. Комедиялық, мифтік кейіпкерлерден бастап заманауи образдарға дейінгі түрлі типаждарды өз деңгейінде алып шыққаны актердің шығармашылық диапазонының кеңдігін көрсетеді. Театрда жақында ғана қойылған «Әлия» мюзикліндегі Комиссар рөлі де оның актерлік палитрасындағы күрделі образдардың бірі…
Толағай Қарасаев Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. 2005-2009 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Актер өнері» бөлімінде білім алып, оқуды аяқтаған жылы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жас маман ретінде жұмысқа келді. Жарты жылдан кейін Арал аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа ауысып, сол жердегі халық театрында төрт жылдай режиссер әрі әдіскер болып қызметін жалғастырады. 2014 жылы Ахтанов театрының қазақ труппасының артисі ретінде шығармашылық жолын әрі қарай жалғайды.
— Әкем әскери салада еңбек етті, анам тігінші болды. Отбасымызда өнер адамы болған жоқ. Мен музыкаға әуестеніп, домбыра тартатынмын. Мектепте оқып жүргенімде оқушылар үйіндегі эстрада үйірмесіне қатыстым. Есімжан деген ағамыз ән айтуды үйретіп, үш жігіттен трио құрдық. Ол топтың құрамында қазір театрда бірге жұмыс істейтін актер Әсет Сейсенов те болды, екеуміз мектепте қатар оқыдық, екеуміз бірге Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына театр және кино факультетіне оқуға түстік. Бізге актерлік өнердің қыр-сырын үйреткен ұстаздарымыздың ішінде Шаяхмет Имашев, Мұхаммед ағайымыз, Рашида Хаджиева апайымыз ерекше есімде қалды. Сонымен қатар Болат Атабаев, Әшірбек Сығай, Маман Байсеркенов сынды тұлғалардан да шеберлік сабақтарын алып, тәжірибе жинадық, — дейді Толағай.
2009 жылы қолына дипломын алып, Тахауи театрының табалдырығын жас маман болып аттағанында алғаш рет сахнаға С.Асылбекұлының «Желтоқсан түні ызғарлы» спектакліндегі жағымсыз кейіпкер — Тимур Қалбаевич деген партия қызметкері болып шықты.
— Тимур Қалбаевич деген партия қызметкері Қайсар деген студентті қуғындап, Ақмарал деген қызбен бірге жасырын жүрген жерінен ұстап беретін, қазақты партия үшін сатып кететін, ішкі қайшылығы көп, көрерменге ә дегеннен жексұрын көрінетін жағымсыз кейіпкер.Жас болсам да, сол кезде қырық жастағы кейіпкердің рөлін ойнауға тура келді. Жиырма бірдегі жас актер үшін бұл үлкен сынақ әрі тәжірибе болды. Өйткені сахнада ойнаған кезде өз рөліңді жақсы көріп, шынайы шығару керек, ал кейіпкеріңнің іс-әрекетімен келіспей, іштей жек көріп тұрасың. Осындай сезімдердің арпалысы актерлікке алғаш қадам басқан сәтімде ерекше әсер қалдырды, — дейді Толағай.
Жалпы, Толағай өзін өнер әлеміндегі кейбір әріптестері секілді сахнадан тыс уақытта да түрлі образдардан «шыға алмай» жүретін, күнделікті өмірінде де кейіпкерінің мінезін бойына сіңіріп алатын актерлердің қатарына қоспайды. Ол үшін актер болу — тек мамандық. Сондықтан да болар, өзі сомдаған образдардың жүрегіне ерекше жақыны да, жағымсызы да жоқ, ол үшін барлығы бірдей.
–Көптеген рөлде ойнадым, басты рөлдер де аз болған жоқ. Бірақ ешқайсысын бөліп-жарып, «мынау жүрегіме ең жақын» деп айту қиын, барлығы да бірдей. Актерлік — мен үшін ең алдымен мамандық. Әр рөл — режиссер тапсырған жауапкершілігі жоғары жұмыс. Менің міндетім — сол жұмысты мүмкіндігінше жоғары деңгейде орындау, көрерменге жеткізу. Сол себепті рөлдерді жүрекке салмақ деп емес, жауапкершілік деп қабылдаймын, — дейді ол.
«Батырға оң-солы бірдей» дегендей, Толағай үшін әр жанр өзінше қызық: комедияның да, драманың да, тарихи қойылымның да өзіне тән ерекшеліктері бар. Қандай жанрдағы шығарма болса да, Толағай өзін судағы балықтай еркін сезінеді һәм өзін тек бір бағытпен ғана шектемейді.
— Әр рөлді сомдаудың өз қиындығы мен қызығы бар. Мәселен, діни экстремизм мен терроризм тақырыбына арналған «Есігімді қаққан кім?» деген спектакльде террористің рөлін ойнадым. Менің кейіпкерім— адамдардың санасын улап, оларды Ауғанстанға апарып, түрлі мақсаттарға пайдаланатын өте қатыгез, жауыз адам. Бұл рөл мен үшін күрделі болды. Себебі спектакльде күрделі діни терминдер көп, сөйлеу стилі де жеңіл емес. Бірақ бұл да актерлік жолдың бір белесі деп білемін. Тарихи қойылымдарда да біраз кейіпкерлерді сомдадым. Соның өзі мен үшін үлкен тәжірибе, кәсіби өсудің жолы болды, — дейді Толағай.
Театрда әр маусым аяқталғанда труппалар жұмысы қорытындыланып, шығармашылық ұжым ішінде түрлі номинациялар тапсырылады. Толағай екі жыл қатарынан «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.
— Бұл марапат екі қойылымдағы рөлдерім үшін берілді. Оның бірі — «Таң алдында тыныштық» спектакліндегі Васков командирі. Бұл өте ауыр, әсерлі қойылым. Екіншісі —«Ескерткіш операциясы» атты екі актілі комедиядағы Әштеннің рөлі. Бұрын бұл рөлді өмірден ерте озған талантты актер Ғазиз ағамыз ойнаған. Ол рөлді Дулат Исабековтің өзі келіп тамашалап, жоғары баға берген. «Менің пьесамдағы Әштенді Ғазизден көрдім» деген екен. Кейін бұл рөл маған бұйырды. Әрине, Ғазиз ағаның деңгейіне жету оңай емес. Оның үстіне менің де түр-әлпетім, мінез-құлқым басқа. Бірақ қолдан келгенше тырыстым. Әріптестерімнің, көрерменнің жылы пікірі мені шабыттандырды, — дейді кейіпкеріміз.
Театрда түрлі образды сомдап жүрген актер кино әлеміне де ден қойып отыр. Оның бұл саладағы алғашқы қадамы — «Тамашаның» тарланы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Тоқсын Құлбековтің рөлі арқылы басталды. «Тамаша» әзіл-сықақ сатиралық театрының жарыққа шыққанына 45 жыл толуына байланысты шығарылған он бөлімнен тұратын көркем сериал — Sәlem Entertainment және Jibek Joly телеарнасы бірлесіп түсірген жоба.
— «Тамашаны» бала күнімізден көріп өстік, бірақ Тоқсын ағамыз туралы көп біле бермейтінбіз. Ол кісі 1998 жылдары өмірден озған, ол кезде кішкентай болдық.
Кастингтен өткен соң, Тоқсын ағаның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге кірістім. YouTube-тағы бейнематериалдарды, сұхбаттарды, жолдасының берген естеліктерін қарап шықтым. Ол кісінің мінезін, болмысын зерттей отырып, өзімше жеткізуге тырыстым. Қалай шыққанын көрермен бағалар. Бұл —
менің үлкен экрандағы алғашқы кәсіби жұмысым. Егер алдағы уақытта киноға шақыртулар түсіп жатса, бас тартпаймын. Кино саласында да өзімді сынап көргім келеді,— дейді ол.
Толағай өзінің өмірлік жарын да театрдан кездестірді. Оның зайыбы — Әсила Төреғалиева да Тахауи театрының актрисасы. Бүгінде актерлер отбасында кішкентай періштелер өсіп келеді. Әсила да Толағай секілді облыстық театр өміріне тың серпін, жаңа леп әкелген жас маманның бірі. 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні бұл отбасы үшін ортақ мереке!
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.


