ПРЕМЬЕРА! 26 — маусым, 18:30
Мұхтар Мағауин «Тазының өлімі»
(хикаят)
Режиссері: Мейрам Хабибуллин
Рухтың, салттың, халықтың қазасы қалай жүзеге асады, білесіз бе? Осы тақырып, осы әсерлі идеяның жүгін арқалау кімнің мойнында? Мұхтар Мағауиннің 14 бөлекке бөлінген хикаяты нені астарлайды? Заман жүгін көтерер мәңгілік шығарма жазу бір төбе, оның астарын аша білу бір төбе. Біз нені жоғалттық? Біз кімді жоғалттық? Сұрақтар көп. Ұлттық болмысымызды сақтаймыз деп күрескен арыстарымыз өз мақсаттарына жетті ме? Ұлттық болмысымызды сақтаймыз деп бірігіп күрескен арыстарымызды заман бір-бірлеп жойды емес пе? Ал, ешкім де жападан жалғыз болмыстың шегіне шыға алмайды. Астарлап ұлттың қасіретін бере білген Мұхтар Мағауин айтпақшы «Тазыдан қалған жалғыз белгі — ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. Өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді» Қасіреттің бәрі тымақтың тозуында емес сол тымақтың астындағы ұлттық сананы жоғалтуымыз үлкен қасіреттің бірі емес пе? Біз үшін ұлттық болмыс әлі де адасып жүр. Біз үшін ұлттық болмыс жүрегіміздің түбінде елеусіз жатыр, тек оны оята білу керек, тек оны тірілте білу керек. Қойылымға келіп ұлттың болмысын бірге іздеп, оята білейік. Біз Лашынды аңсаймыз, біз әлі де Қазыны аңсаймыз. Біз болмысты аңсаймыз.
Билеттерді Тикетон сайтынан немесе кассадан ала аласыздар!


