Ақтөбе театрының өнер керуені алғаш рет Елордаға Республикалық сапармен келіп, 9–11 қазан күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында өз өнерін паш етеді.
Бұл сапар – өңір мәдениетінің өрісін кеңейтіп, Ахтанов театрының шығармашылық әлеуетін жаңа биікке көтеруді мақсат еткен ерекше мәдени оқиға.
Театр астаналық көрерменге репертуарындағы ең үздік туындыларды ұсынады:
9 қазан – сапар шымылдығы Әлия Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклімен түрілді. Режиссері – философия ғылымдарының докторы Есләм Нұртазин. Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған бұл қойылым – Ахтанов театрындағы мюзикл жанрындағы тұңғыш туынды. Батыр қыздың рухы мен нәзік жүрегіндегі күресті бейнелейтін спектакльде ерлік пен адамдықтың, жеңіс пен жеңілістің шынайы суреті көрініс табады.Басты рөлді – талантты жас актриса Ажар Жәрденбекқызы сомдайды.
10 қазан – М.Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты сахналанды. Қойылымның режиссері – республикалық деңгейдегі үздік қоюшы Мейрам Хабибуллин. Бұл туындыда қазақ даласының байырғы дәстүрі мен аңшылық мәдениетінің философиясы қарт аңшы мен оның серігі – тазы арқылы өрбиді.
Жазушы шығармасы арқылы ұлттық құндылықтарға деген құрметтің әлсіреуі мен замана ағымының адам болмысына әсері терең суреттеледі.
11 қазан – сапар шымылдығы К.Гоццидің «Турандот» трагикомедиясымен жабылады. Қойылымның режиссері – халықаралық деңгейде танымал, креативті ойлауымен ерекшеленетін Әлібек Өмірбекұлы.
Батыс өңірінде алғаш сахналанып отырған бұл туынды – Шығыс шайыры Низамидің ертегілері мен италиялық драматург Карло Гоццидің дель-арте стиліндегі шығармасы негізінде сахналанған. «Турандот» – махаббат пен өрлік, ақыл мен айла тайталасқан көркем әлемге жетелейді.
Бұл гастрольдік сапар – Ақтөбе театрының жаңа белеске қадам басқанын айғақтайтын, өңір мәдениетінің мерейін асқақтатар маңызды оқиға.

