«Қазақстанда болмаған креативті идеяны іске асырамыз»

Ол – Т. Ахтанов атындағы драма театрдың директоры, актер. Ол – басшылық қызметті абыроймен атқарып жүргендердің бірі. Ол – театрды, сахнаны жан тәнімен сүйетін актер. Ол – Сайлау Қамиев. Аружан СМАҒҰЛОВА @smagulova__aruzhan — 2023 жылы театр ұжымы қандай белестерді бағындырды? — Бұл қызметке келгеніме әлі ұзақ уақыт өтпеді. 2023 жылдың 1 наурызынан бастап басшылық қызметтемін. Маған дейін бюджет пен театрдың алдағы жұмысы алдын ала белгіленіп, жоспарланған еді. Мен соның орындаушысы болдым. Алдын ала қабылданған жоспардан бөлек театрда музей аштық, Т. Ахтановтың 100 жылдығы тойланды. Мерейтой негізінде драматургтың атақты «Боран» романын сахналанды. Қоюшы режиссеры – театрдың көркемдік жетекшісі Елтай Кемал. Қызметке тағайындалғаннан бастап театрдың өткенін түгендегім келді. Осы мақсатта әкімдікке өтініш білдіре отырып, театрдың музейін аштық. 1935 жылы Ақтөбеде жастар музыкалық драма театры болған. Т. Жүргеновтың бұйрығымен құрылған театрдың архивтік құжаты бар. Музейде аталмыш құжаттан бастап Т. Ахтановтың ұрпақтарынан жинақталған жеке жәдігерлеріне дейін қойылды. Сондай-ақ, орыс труппасы 1965 жылдан бастап жұмыс істеген. Қазақ және орыс труппаларының архивтік құжаттарды, алғашқы қойылған спектакльдерден қалған костюмдерді, ерекше түсірілген фотосуреттерді жинақтай отыра музей аштық. «Т. Ахтанов театрының өткені мен қазіргі келбеті» кітап альбомы жарыққа шықты. Оның авторы – белгілі театртанушы Анар Еркебай. 100 жылдық мерейтойда кітаптың тұсаукесерін жасадық. «Ахтанов алаңы» атты театр форумы ұйымдастырылды. Оған республикадан және шетелден мамандар қатысты. Форум «Campit» лагерінде өтті. Оған 90-ға жуық маман қатысты. Актерлік өнер, режиссура, хореография, сценография, жарық қою, гримм бағыттары бойынша шеберлік сағаттары өткен еді. Форум өте ауқымды, әрі қатысушылар үшін пайдалы болды. Былтыр Т. Ахтанов атындағы драма театрда 10 премьера сахналанды. Қазақ труппасындағы актерлік құрам – 38, ал орыс труппасындағы актерлік құрам – 20. — Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген еді. Сонда Т. Ахтанов атындағы драма театрына ат басын бұрып, жаңа театр салынуы керек деген тапсырма берген. Ал жаңа театр қашан, қай жерде ашылмақ? — Президенттің жұмыс сапарымен театрға келуі біз үшін ерекше жаңалық болды. Мемлекет басшысы Ақтөбенің зиялы қауымымен кездесіп, театрдың ішкі жағдайымен танысып, ғимараттың ескіргендігін айтып өткен еді. Болашақта Ақтөбе мегаполис болады деген сенім бар. Сондықтан қалада жаңа театр салынуы керек деп облыс басшысына тапсырма берілді. Қазіргі таңда жұмысшы тобы құрылды. Жаңа театрды салу жұмысын облыс басшысы өз бақылауына алды. Қай жерде салынатыны жөнінде ақпарат бере алмаймын. Алайда дайындық жұмыстары өте жақсы жүруде. Ең соңғы үлгідегі жобасын күтіп отырамыз. — Театрда қандай түйткілді мәселелер бар? — Театрда екі труппа болғандықтан екі репертуар бойынша жұмыс істейді. Қазақ труппасы 33 маусымын, ал орыс труппасы 59 маусымын ашты. Әкімшілікке және техникалық құрамға түскен жауапкершілік те, жұмыс та арта түсті. Яғни екі труппаға жауапты. Себебі техникалық құрам біреу. Жұмысы екі есе болса да, жалақысы аз. Жаңа театр салынса, мүмкін қазақ труппасы жеке театр болып баратын шығар деп ойлаймыз. Ғимараттың ескіргені рас. Жылу жүйесі дұрыс емес. Автономиялық жылыту қазандықтарында да бірқатар мәселелер бар. 1944 жылы ғимараттың негізі қаланған. Естуімше, 1978 жылы ғимарат өртенген. Содан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан ашылған деседі. — Жақында көрерменге қандай премьера ұсынасыздар? — 23-24 ақпанда халық ауыз әдебиетінен «Қобыланды батыр» жырын эпос ретінде сахналаймыз. Қазақ театры тарихында бұл әлі сахналанбаған. «Қара қыпшақ Қобыланды» атты Мұхтар Әуезовтің драмасы бар. Драманың өзегі жырда деп білеміз. Біз тарихи мекенде, Қобыланды туған өлкеде өмір сүріп жатырмыз. Мейірхан ағамыз құрастырған нұсқасы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оны қою үшін арнайы режиссер шақырттық. Ол – «Ұмай» сыйлығының жеңімпазы Дина Жұмабай. Қоюшы хореограф – Анна Цой. Уфа қаласынан сценограф, қоюшы-суретші Лилия Хисматуллинаны шақырттық. Қызылордалық Нұрсұлтан Төрәлі музыкасын жазады. Бұл – 2024 жылдың алғашқы премьерасы. Жыл соңына дейін 8 қойылым сахналанады деп жоспарланып отыр. — Не себепті тарихи драмалар жиі таңдалынады деген сұрақ көрерменнен жиі қойылатын сияқты. Расымен, театрда тарихи қойылымдар өте жиі сахналанатын секілді ме? — Маған дейін көптеген батырлар жыры сахналанған. Бұл да бір ойланатын мәселе. Кез келген облыста жергілікті жердің батырларын дәріптеу, ұлағаттау мемлекеттік тапсырыс ретінде жүзеге асады. Біздің репертуарымызда қалғаны – 2023 жылдың аяғында қойылған «Әбілқайыр хан» драмасы. Тапсырыспен қойылған драмалар бір-екі рет қана сахналанған. Бірақ «Қобыланды батыр» драмасы мемлекеттік тапсырыс емес. Осындай эпостың сахналануы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Бізде «Арамыз жылып қалар» лирикалық драмасы, «Келіндер көтерілісі» комедиялық драмасы, жастарға арналған «Алғашқы махаббат» драмасы, «Махаббат мұңы» сынды драмалар бар. Бірақ «ылғи тарихи драма сахналанады» деген пікірді жылына бір-екі рет келетін көрермендер айтатын шығар. Ал тұрақты көрермендер біздің драмалармен етене таныс деп ойлаймын. Сондықтан театрға жиі келіп тұруға шақырамын. — Өткен жылы «Текемет» арт платформасы өз жұмысын бастады. Бұл қандай жоба? — Бұл – талантты режиссер Мейрам Хабибуллиннің құрған арт-кеңістігі. Текемет – креативті жоба. Мен қызметке келгілі екі қойылым сахналанды. Біріншісі – «Qadam» [bas]. Рахат Төрежан қалалық мәдениет үйіндегі «Ақтөбе» вокалды-инструменталды ансамблімен бірлесе креативті жобаны іске асырды. Рахаттың шығармашылық кешімен қатар поэзия да оқылды. Екіншісі – Б. Майлиннің әңгімелерінен құрылған «Әйел» драмасы. Қазіргі таңда Мейрам Хабибуллин үлкен қойылымға кірісті. «Текемет» жобасы арқылы Қазақстанда болмаған креативті идеяны іске асырамыз. Бұл осы жылдың сәуір айына жоспарланды. — Бүгінде неге жастар театрда шыңдалып, киноиндустрияға ауысады? — Менің танитын актерларым ешқашан театрды тастаған емес. Біздің театр әртістері кинодағы түсірілім күндерін театрдағы дайындық күндерімен келістіріп, тіпті ұшақпен екі ортада қатынайды. Нағыз театр актері театрды ештеңеге айырбастамайды. — Театрға көрермендер жиі келе ме? — Алматыда, Астанада театр билеттері көзді ашып жұмғанша тез сатылып кетеді. Қазір ақтөбеліктер сайттан билет сатып алуды үйренген. Премьералық спектакль аншлагпен өтеді. Ал күнделікті сахналанып жүрген спектакльдерде залдың 70-80 пайызы толады. — Актердың бойында қандай қасиеттер болу керек? — Ең бірінші – жанкештілік. Мамандығына деген шексіз махаббат керек. Бұдан өзге ештеңе керек емес. — Өнер мен лауазымды қатар алып жүру қиынға соқпай ма? — Иә, қиындығы бар, жасырмаймын. Директорлық қызметке алғаш рет сайландым. Тәжірибем аздау болғандықтан тек қана осы қызметті жауапкершілікпен атқарып жүрмін. Өткен жылы екі сериалдың басты рөлінен, тағы бір сериалдың негізгі рөлінен бас тарттым. Бәрін қатар алып жүру қиын. — 2024 жылға қандай жоспарыңыз бар? — Қазақ, орыс труппасы 1 шілдеге дейін жұмыс істейді. Қыркүйек айында орыс труппасының 60 маусымы ашылады. Олар қазірден дайындықты бастап кетті. Биыл ең жақсы деген қойылымдарды Астана, Алматы театрларында гастрольдік сапармен барып сахналап қайтамыз. Қазақ труппасының Алматы, Түркістан қалаларына гастрольдік сапары жоспарланды. Сондай-ақ, Ақтөбенің 155 жылдығына орай аудан орталықтарына да барамыз. 3 халықаралық фестивальге өтініш білдірдік.
«Қобыланды» қыз іздейді

Ол – бойынан өнердің сан қыры табылатын адам. Ол – электрик. Ол – құрылысшы. Ол – өз жолын жиырмадан асқанда ғана тапқан актер. Ол – көпшіліктің көңілінен Қобыланды образымен орын алды. Ол – жайдарманшы, футболшы. Ол – өзінің өмірлік жарын іздеп жүрген, әдемі сөйлей алмайтын жас әртіс. Ол – Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының актері Әділет Мұхтар. Арайлым ҚАСЫМ @araikassym — Театр көрермендері, Ақтөбе жұрты сізді Қобыланды батырдың рөлі арқылы таныды. Бұл сіздің алғашқы рөліңіз бе? — Ең алғаш осы Қобыланды батыр образы бұйырды. Дина Жұмабай режиссер болды. Қобыландының жанындағы үш әйелдің өміріне қалай әсер еткені туралы. Егізі Қарлығаш, әйелі Құртқа және Көбіктінің қызы Қарлыға үшеуінің арасында Қобыланды мүлдем басқа қырынан танылады. Режиссер бірден «Баяғы классикалық батыр бейнесін көрсетпейміз» деді. Соңында барлығының алдындағы уәдесін орындаған Қобыланды жалғыздыққа, тыныштыққа кетеді. Былтыр күзде Өскемен қаласында өткен Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына орай ұйымдастырылған фестивальге қатысып қайттық. Батырлар жыры ретінде қатысу мүмкіндігі туды. «Үздік спектакль» номинациясын иелендік. Ол менің жетістігім емес. Ол ресжиссердің жұмысының жемісі. — Телеарнаға берген сұхбатыңызда Қобыланды бейнесі маған мүлде қарама-қарсы депсіз? — Қобыланды образы бір жағынан келетін де сияқты. Бірақ мен өмірде агрессияға жоқпын. Кикілжіңге бармаймын. Қырғынды жақсы көрмейтін болғасын солай деген шығармын. Содан кейін «Махаббат бекетінде» Оралды сомдадым. Ол кезде де кішкене ұқсастық бар сияқты дегенмін. Бірақ кейін қарасам мен соншалықты романтик те емес екенмін. Қызға келгенде кері тартып қалатынымды ұқсатқан шығармын. — Театрға қалай тап болдыңыз? — Мамамның музыкалық білімі бар. Дәстүрлі әннен сабақ береді. Сол кісіден қанмен келген шығар. Мектеп кезінен өлең айтып, домбыра тарттым. Сахнаға шығып жүрдім. Хорға, биге қатыстым. 9 классты бітіргесін АПК-ға түстім. Автоматтандыру және басқару мамандығының үшінші курсында жүргенде Астанадан шақыру түсті. Үлкен бір компания 3 тілде оқытады екен. Сол кезде Ақтөбедегі оқудан сырттайға ауысып, Астанаға кеттім. 1 жыл құрылысшы мамандығы бойыша білім алдық. Колледждің төртінші курсына келгенде Астанада ЭКСПО ғимараты салынып жатты. Сол жерде жарты жыл ресми жұмыс істедім. Сол уақытта ән айтып, караокеде де жұмыс істеген едім. Ақтөбелік балалармен танысып, солар арқылы Шабыттың барын білдім. Өнер университеті туралы естіп, бағымды сынап көрдім. Барған бойда өз ортамды тапқанымды түсіндім. Мен айналысатын, ұнататын дүниенің бәрі сол жерде бар болып шықты. Ұнады маған. Физикалық дайындығың, ән, би, жүріс-тұрыс, топтық жұмыстың барлығы өзіме жақын болды. Қазақ ұлттық университетінде Шабытты бітірдім. Меруерт Өтекешова шеберханасында Бекболат Құрманғожаев ағайдан сабақ алдық. 2017-2021 жылдар аралығында оқып, Ақтөбеге келдім. Бірге оқыған жігіттер жұмыс істеп жатқан. Солармен хабарластым. Ақтөбеде көбісін танымаймын, графиг қалай, бұрын жұмыс істеп көрмегенмін. Соның бәрін сұрастыра бастадым. Үйдегілер де мамандық бойынша жұмыс істегенімді қалады. Өзім кіргім келген жоқ. Жаңа жылдың алдында театрға келіп, жұмыс істеп көрдім. Басында штат болған жоқ, келсім шартпен кірдім Қаңтарда «Қобыландыға» дайындық басталып кетті. Дина Жұмабай мені басты рөлге алып қойды. Содан кірісіп кеттік. Кейін Оралдың рөлін алдым. Ол рөлдер болмағанда мүмкін мен жұмыстан шығып кететін бе едім?! Әзірге келгеніме өкінбеймін. — Ақтөбеге неге қайтып келдіңіз? — Ата-анамның шақыртуымен келдім. 2015 жылы Астанаға кетіп қалдым. 8 жыл сол жақта тұрып, 2023 жылдың соңында келдім. «Үйге қайт, үйлен» деді. Үйлеген жоқпын. Жоспарым үйлену болып тұр. Таңдау тым көп. Қайсысын таңдарымды білмей жүрмін. Әзілдеймін! Маған қателесуге болмайды. Қазір көп достарым қателесіп жатыр. Маған мүлде болмайды. Үйдің жалғыз ұлы, үлкенімін. Екі қарындасым бар. Әкем де әулеттің үлкені. Сол үшін асықпай ақылмен шешу керек. Ата-анам өздері де кеш үйленген. Папам үйленген кезде 30-да болыпты. Жалпы жар таңдағанда қателеспеген дұрыс қой. Қазір асығып таңдап, 1 жыл тұрып, ажырасып, бәрін бүлдіргім келмейді. Баппен таңдап жүргенім де содан шығар. — Қандай қыз іздеп жүрсіз? — Бойы ұзын, шашы қысқа… Олай емес. Екінші жартым болу керек қой. Дәл мен сияқты. Тек мен сияқты жайбасар болмау керек. Адамдармен тез тіл табысқанын қалаймын. Ортада өзін ұстауы, сөйлеуі, жүрген жерге сай әңгіме айта алуы маңызды. Менімен қатар кейбір адамдарды көргенде таң қаламын. Өзін қай жерде қалай ұстауды білмейтіндер бар. Таным көкжиегі кең болса құба-құп. Бұрын меннен ақылды болса деп ойлайтын едім. Бірақ қазір түсінгенім қыздардың бәрі ақылды. Тек басқаша болып көріне салады. Негізінде тізбектеп, былай-былай деу артық. Мен ұнатып қалсам ештеңе маңызды болмайын деп тұр. Қалғаны менің қолымдағы нәрсе. Реттеп, көңілін табуға барымша тырысамын. — Әртіс әдебиетті білуі керек пе? — Иә. Тарих пен әдебиетті оқып, білуі керек. Бірақ мен кітап оқымаймын. Мен поэзия білмеймін. Әрі кетсе 1 өлең шығар оны да толық білмеуім мүмкін. Менің кітап оқымағаным маған кедергі болып жатқан жоқ. Тарихтың да әрі кетсе негізін білермін. Уақыт өте оқуға қызығатын шығармын. Қызығушылықтан бұрын ойым өзгеретін шығар. Дәл қазір ойым басқа жақта. Әлемді тануым керек болып жатыр. Жан-жағымдағы болып жатқан дүниелерге, психологияға, адамдар мен ғылымға қызығамын. Әлі әлемді тану үстіндемін. Сондықтан бірдеңе деп айта алмаймын. Жалпы рухани әңгімеге жоқпын. Жәй ғана сөйлесе аламын. — Актер біткеннің бәрі әдеби сөйлегеніне үйрендік қой. Сіз жайдарманда ойнадыңыз. Театр әртістерінің жайдарман ойнауына қарсылықтар болған жоқ па? — Актер мамандығына кәсіби оқып жатқандарға мұғалімдері тойға, жайдарманға шығуға рұқсат етпейді деген нәрсе бар. «Халтура» деп айтады. Жеңіл нәрсе, сахнада қалай болса солай жүреді деген түсінік бар. Біздің мұғалімдеріміз жақсы қарады. «Ән айтсаңдар, айтыңдар. Мүмкін әнші болып, жұлдыздарың жанып кетер» дегендей. Меніңше, бұл түсінік бізге дейін болған сияқты. 3 курста оқу дұрыс болған жоқ. Карантин басталып кетті. Бірақ біздің нәтиже де жаман болған жоқ. Республикаға танымал болдық. «Шабыт» командасы екі топтың студенттерінен құралды. Екінші топтың ағайлары қатал адам еді. Сол кісінің өзі қарсылық танытпады. Түсінді, қолдады, сондықтан жеңіл болды. Оқуға кедергі жасамаса тойға да шығуға болады. Жайдарманда да актерларға жақсы, сыйластықпен қарайды. Жайдарманнан кейін «Динара Сәтжанмен сөйлестің бе?» деген сұрақ көп қойылды. Сөйлескен жоқпын. Бірақ сахнада сол кісіге қатысты әзілдер көп болды. Жалпы бәрі былай басталды. «Шабыт» жайдарманға қызығып жүрді. Мен Сұлтан деген досыммен ән айтып жүрдім. Қазір Қалыбек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актері, композитор. Жайдарманшы жігіттер бізге келіп, «Шабытты» фестивальге Ресейге шақырып жатқанын айтты. Демеушісі бар. Ән айтатын адам керек деп ұсыныстарын айтты. Біз қуана келістік. Бірақ карантин басталып кетті де бізді жібермейтін болып қалды. Сол сәтте жетінші арна «Jaidarman Cup» деген жаңа жобасын бастап жатыр еді. Балалар бізді қосты. Материалын жазып жатқанда, дайындықта кентавр образы шығып, редакторлар осыдан бірдеңе шығатын сияқты деді. 1 рет шығып көрдім. Маған өте көп назар аударды. Әрі қарай осы өтімді әзілді ұстап алып, мен және Динара Сәтжан
«Турандот» спектаклінің заманауи үлгісі

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының қазақ труппасында Карло Гоццидің «Турандот» пьесасы бойынша заманауи режиссураның жарқын өкілі, постдрамалық театрдың ізденімпаз тұлғасы Әлібек Өмірбекұлының премьерасы өтті. Постдрамалық бағыттағы спектакль авторлық мәтіннен алыстап, метафоралар мен символизм арқылы сахнаны адамзаттық мәселелерді зерттеу алаңына айналдырған. Режиссер әйел табиғаты мен оның қоғамдағы орнына ерекше назар аударып, психоаналитикалық тәсілдер арқылы әйел мен ер адам, ата-ана мен бала қарым-қатынастарын зерттеген. Спектакль билік, саясат және әлеуметтік теңсіздік тақырыптарын да қозғап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жарақаттарды көрсетуге тырысқан. Гротеск, фарс, ирония мен цирк элементтерін қолдана отырып, режиссер көрермендермен тікелей диалог орнатып, интерактивті театр үлгісін ұсынған. Қойылымдағы әр көрініс тек оқиғаны баяндап қоймай, терең мағыналық жүктемеге ие. Ә.Өмірбекұлының «Турандот» спектаклінде бұған дейін қойған «Қораз», «Триптих», «Дон Кихот», «Қыз Жібек», «Құйын» сынды қойылымдарындағы тәсілдер мен шешімдер қайта өріс алды. Режиссердің өз өзіне сілтеме жасауының жиілігі – оның әдістерінің дәйектілігін көрсетсе де, көрерменде жаңалыққа деген сұраныс тудырады. Өз стилін толық меңгерген режиссерлер бірте-бірте сол әдістердің шеңберінде қалып қоюы мүмкін. Бұл спектакльде де солай болғаны анық. Гротеск, фарс және ирониялық тәсілдер бұл жолы да ерекше әсер қалдырғанымен, күтпеген жаңашыл элементтер аз байқалғаны шындық. Қойылымның алғашқы бөлімінде көрермен залына ерлі-зайыптылардың (Марс Әбілхасанов пен Жарқынай Жалғасова) ұрсысып кіріп келеді. Олардың арасындағы кикілжің арқылы режиссер қазіргі отбасылық қарым-қатынастың қиындықтарын, оның тамырына үңілу қажеттігін айқын көрсетеді. Ал, екінші бөлімде дорбасына ескі заттар салған, оларды жүз теңгеге сатып алуды өтінген кейуананың (Фатима Бердібекова) залға кіруі – әлеуметтік теңсіздіктің өткір метафорасына айналып, өткен мен қазіргі заман арасындағы байланысты білдіретін символ ретінде де көрініс табады. Оның дорбасындағы ескі заттар тарихтың, ұмыт болған армандар мен үміттердің салмағы. Әлеуметтік теңсіздік пен қоғамның әділетсіз құрылымы әйелдердің ішкі әлемін жаралап, оларды өз орнын іздеуге мәжбүрлейтіні спектакльде әсерлі бейнеленген. Қойылымның бас кейіпкерлерінің бірі, Қытай императоры Альтаум қатігездігімен, тек билікке деген шексіз құмарлығын ғана емес, сонымен бірге, өзінің отбасының тағдырына ауыр із қалдырғанын айғақтайды. Альтаум – тек диктатор емес, өзінің қатыгездігін сезініп, соған төзе алмайтын қайшылықты тұлға екенін Бағдат Телеуғалиев жақсы түсінген. Актердің Альтаумның жауыздығын жеңілтек, тіпті ойсыз мінезбен жеткізуі ерекше назар аудартты. Оның бұл рольдегі жеңіл иронияны үйлестіре білуі қойылымдағы жалпы ойнақылық атмосферасына сәйкес келді. Турандотқа әкесі Альтаумның анасын өлтіргеніне куә болғаны бала кезінен терең психологиялық жарақат қалдырды. Бұл оқиға Турандоттың бүкіл өмірін қалыптастырып, оның ер адамдарға деген сенімсіздігі мен тұрмысқа шығуға деген қорқынышын түсіндіреді. Режиссер бала кезде басына түскен ауыртпалық адамның болашақ өміріне тигізетін ықпалын жеткізген. Жас қыздың өмірден махаббатты іздеуі мен оны қабылдауға қабілетсіздігі – жараланған жүрегінің трагедиясы. Ажар Жарденбекованың Турандоты қатал мінезді, суыққанды ханшайым, ал соңғы сахнада әйелдік қулық пен өмір сүру үшін күресетін адам. Дегенмен, жас актрисаның бұл рольдегі ойыны кей тұстарда Турандоттың күрделілігі мен тереңдігін жеткізуде жеткіліксіз болды. Ажар рольге режиссерлік концепцияға сәйкес келсе де, кейіпкердің психологиялық және драматургиялық тереңдігін толық аша алмағаны сезілді. Бұл тұрғыда актрисаның тәжірибесі мен сахналық еркіндігі әлі де шыңдалуды қажет етеді. Калаф – Асылан Төлентайдың тағдыры да оның бала кездегі трагедиямен тығыз байланысты. Анасының бір баланы таңдау туралы шешімі және сол шешімнің салдары – бауырының көз алдында өлтірілуі Калафтың психологиясына ауыр соққы болды. Анасының өзін кінәлап, осы қайғыны өмір бойы арқалап жүруі оның тұлғасына да кері әсерін тигізді. Турандоттың жұмбақтарын шешіп, оны сүйіп қосылған Калаф үшін бұл қарым-қатынас құтқарушы күшке ие бола алмады. Турандот пен Калафтың арасындағы байланыс тек махаббат емес, сонымен бірге, әрқайсысының өткен жарақаттарымен күресінің көрінісі. Калафтың Турандотты өлтіруге мәжбүр болуы оның өз тағдырынан, жараланған психологиясынан және биліктің ауыртпалығынан қашып құтыла алмағанының символы. Ол да таққа отырғаннан кейін қолын қанға бояйды. Осылайша режиссер адамның бейсаналық әлеміне және оның шешілмеген жарақаттарының билік пен махаббаттағы әрекеттеріне қалай ықпал ететінін көркем түрде жеткізген. Баскесер жендеттің «Бұл менің жұмысым ғой» деп ыңғайсыздана айта тұрып адам өлтіруі, содан кейін рахаттанып билеп, артынша жылауы – адамның моральдық арбау мен ішкі жан азабының көрінісі. Актер Бекжан Қайроллин шынайы трагедия мен гротесктің қосындысынан туындаған әсерді көрерменге дәл жеткізеді. Бұлардан басқа қойылымдағы Нұрпейіс Қазымбетов, Нұрсұлтан Айтқалиев, Ерсін Сәрсенбек, Рамазан Отарбаев, Нұрсұлтан Есет, Наргиз Күнғали, Аружан Базарбаева, Әділет Мұхтар, Айбар Жақып, Дамир Сейсенбек режиссердің талаптарын орындап, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгергендерін көрсетті. Олардың сахналық әрекеттері тұтастық пен үйлесімділіктің арқасында біртұтас ансамбль ретінде көріне алды. Бір актердің бірнеше рольді сомдауы, әйел актерлердің ер адамдар ролін орындауы – бұл тек сахналық мүмкіндіктерді емес, режиссердің ойын, театрлық көрініс екенін көрсетудегі ұстанымын айқындады. Актерлердің тренингтер мен этюдтік жұмыстар арқылы рольдерін меңгеруге көп күш салғаны көрініп тұр. Режиссердің әрбір мизансценаны этюд деңгейінде ойластырғаны заманауи жас көрерменнің клипік ой-санасына түсінікті болды. Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетінен келіп дуалды біліммен оқып жатқан студенттердің қатысуы қойылымға жастық леп бергенін де айта кету керек. Актерлердің өз дауыстарымен сөйлеп, пафостан алшақ болғанымен, кейіпкерлердің мінездерін сыртқы ойын тәсілдері арқылы жеткізуге басымдық берді. Академиялық мектепке үйренген актерлер үшін жаңа әрі тың әдіс болды. Олар сыртқы бейнелеу тәсілдерін, гротеск пен иронияны шебер қолданғанымен, кей тұстарда бұндай ойын бойларына толық сіңбей жатқанын байқауға болады. Ойындарындағы сахналық жеңілдік пен еркіндік әлі де толық қалыптаспай жатқаны көрінді. Қойылымда қолданылған дель арте маскалары спектакльдің театрлық ойынға негізделгенін көрсеткенімен, сол маскалардың тарихи миссиясы – импровизациялық еркіндік пен жеңілдікті толыққанды жеткізе алмады. Егер актерлер маскалармен жұмыс істеу барысында импровизациялық еркіндік пен шынайы ойын енгізсе, спектакльдің «театрдағы театр» концепциясы нақтырақ көрінер еді. Турандоттың қолындағы планшет-қуыршақ режиссердің басты метафораларының бірі. Қуыршақ бейнесі арқылы ханшайым қаншалықты күшті және тәкаппар көрінгенімен, шын мәнінде, әкесінің империясындағы марионетка екенін айғақтайды. Бұл шешім Турандоттың тағдырға бағынуы мен өзін-өзі танудағы дәрменсіздігін көрсетеді. Спектакльдің ерекше қыры – жантүршігерлік сахналарды ойнақы, гротеск пен фарс арқылы шешілуінде. Бұл тәсіл ауыр тақырыптарды көрерменге жеткізуді жеңілдетіп, оқиғаның драмалық әсерін күшейтеді. Режиссер шынайылық пен театрлық ойынды ұштастыра отырып, көрерменді өзіне тартатын және ойландыратын көріністер жасайды. «Пьеса қайда? Гоцци қайда?» деп бірдей киім мен Эйнштейннің маскасын киген бес актердің сахнаға шығуы қойылымның ирониялық және өткір көріністерінің бірі. Олар «мәтіннің сақталмауына» наразылығын білдіре отырып, шығармашылық еркіндікті шектейтін көзқарастарды білдіреді. Бұл көрініс театр өнеріндегі ескі дәстүрлер мен жаңашылдықтың қақтығысын, бүгінгі күнгі сахна өнеріне айтылған сынды аша отырып, театрдың өзіндік табиғатын, оның өнер ретінде үнемі өзгеруі керек екенін алға тартады. «Игорь патша», «Тоска» операларынан алынған арияларды заманауи поп және рок әуендерімен үйлестіруі спектакльдің атмосферасын тереңдете түсіп, оқиғаларға эмоционалдық реңк қосты. Жеңіс Ноғайбаевтың музыканы көркемдеу жұмысы мен режиссердің идеяларын сахнаға енгізу шеберлігі әрбір сәттің айқын және әсерлі жеткізілуіне ықпал етті. Әр музыкалық үзінді тек фондық элемент қана емес,
Репертуар/Сәуір

КУПИТЬ БИЛЕТЫ