Т.Ахтанов атындағы

Ақтөбе драма театры

Т.Ахтанов атындағы

Ақтөбе драма театры

Сахна сыртындағы шеберлер

Көрермен көзі тек сахнадағы бейнелерді көреді. Ал кейіпкерлердің шынайы шығуына тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі көбіне атаусыз қалады. Олар бояумен бейне жасайды, матадан мінез құрайды, қылқаламмен кейіпкердің болмысын ашып береді. Бүгінгі мақалада біз Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының тыныс-тіршілігіне дем беріп жүрген — гримдеуші, костюмер, көркемдік суретші тәрізді шығармашылық мамандарының қызметіне үңілдік. Сонымен… …Кешкі қойылым алдындағы театр ішіндегі қарбаласқа тап болдым. Әдеттегідей қойылымнан 2-3 сағат бұрын келетін костюмер, көркемдік суретшілер мен гримдеушінің жұмысы қызған. Бірі қол бұрғысымен декорацияны бекітіп жатса, енді бірі актердің киімін үтіктеп, сахна артына дайындауда. Ал грим шебері бояу құралдарын түгендеп, сахналық бет-әлпетті түрлендіруге қажет жасанды сақал, мұрт, шаш сынды керек-жарақтарды ретке келтіріп отыр. Әрқайсысының қызметі сахналық шындық пен образ толықтығына қызмет етеді. Нәтижесінде көрермен көз алдынан шынайы өмір суреттерін өткізгендей әсер алады. Грим — бейнені шындыққа айналдыратын өнер Көрерменге кейіпкердің түр-тұлғасы, жас ерекшелігі, эмоциясы шынайы көрінуі үшін сахна сыртында сан сағаттық еңбектің жатқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Театр гримшісі Зәмзәгүл Құлмұханова бұл салада 18 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғашында суретші мамандығын меңгерген ол кейін театрға бет бұрып, актерлердің сахнаға шығуына дайындық жасауды өз мойнына алған. —2006 жылдан бері осы театрда еңбек етіп келемін. Негізгі мамандығым — сурет және сызу пәнінің мұғалімі. Жалпы, кейіпкердің сыртқы бейнесін жасау үлкен төзімділік пен тиянақтылықты талап етеді. Өйткені кейбір кейіпкердің сахналық бейнесін келтіруге 2-3 сағат уақыт жұмсаймыз. Гриммен жұмыс істеу кезінде алдымен режиссердің кеңесіне жүгінеміз. Ол кейіпкердің сахналық мінезі, болмысы, көңіл күйі қандай болатынын егжей-тегжей айтып береді. Театрда үш грим шебері бар. Кейіпкердің бетіне түсетін сахналық жарықты ескеріп, бояуды қанық әрі анық етіп жағамыз. Әр әжімді, көз астындағы көлеңкені де шынайы етіп саламыз, — деді ол. Бұл салаға, әсіресе жастардың келуі аз дейді маман. Бірақ өнерді сүйетін адамдар үшін бұл жер нағыз шығармашылықтыңортасы. Қарапайым актерден кейіпкер жасау — гримдеушінің шеберлігі. Жалпы, сахна сыртындағы шығармашылық еңбек ешқашан көрерменге байқалмайды. Ал осы мамандардың еңбегімен жасалған кейіпкердің бейнесін көрермен ұзақ уақыт есте, тіпті жүректе сақтайды. Шымылдық артындағы жұмысын сүйетін Зәмзәгүл:«Актерлер кейде шағым айтатын сәттер болады, бірақ біз оны реніш деп қабылдамаймыз. Ол — шығармашылық процесс. Бірден түзеп, қайта жасап береміз. Бұл ортада бәріміз бір отбасымыз. Сахнадан көрген бейнеге көрермен сенсе —еңбектің ақталғаны», — деді З.Құлмұханова. Костюмер Ақиіс Сахнаға шыққан әрбір актердің киімі — оның мінезін, дәуірін, кейде ішкі жан-дүниесін де көрсететін маңызды бөлік. Бұл киімдер өздігінен дайын болмайды. Оның артында іскерлік пен шеберлікті қатар ұштастырған, бейнені киім тілімен сөйлететін костюмерлердің ерен еңбегі жатыр. Ақиіс Андағұлова — сондай мамандардың бірі. Ол 30 жылға жуық театрда еңбек етіп келе жатқан киім цехының меңгерушісі. Театрдағы жолы актрисалықтан басталғанымен, тағдыр оны костюм әлеміне алып келді. Қазір ол әр қойылымның дайындығынан бастап, актердің сахнаға жарқырап шығуына дейінгі бүкіл процестің басы-қасында жүреді. — Киім актердің кейіпке енуіне әсер ететін көмекші құрал іспетті. Сахнада өзін еркін сезіну үшін киім ыңғайлы, таза әрі толық образға сай болуы қажет. Бұл — біздің басты міндетіміз. Әр актердің өзінің сахналық киімі болады. Мен қазақ және орыс труппасының актерлерімен жұмыс істегендіктен екі труппаның киімдерін бір-біріне араластырмаймын, — деді ол. Сұхбат барысында қазақ және орыс труппасының актерлері киетін киім цехына кірдік. Қызылды-жасылды сахналық киімдер көздің жауын алады. Сол киімдердің тап-тұйнақтай, таза, үтіктелген күйде тұруы —  Ақиіс апайдың орнатқан тәртібінің нәтижесі. Оның әріптестері де ол жайлы: «Ақиіс әр қойылымның киімін, әр актердің не киетінін жатқа біледі», — дейді.«Махаббат бекеті», «Қобыланды», «Келіндер көтерілісі», «Мама», «Қиқар», «Арамыз жылып қалар», «Алғашқы махаббат», «Жеті лақ»… тізбектей жинаған киімдерді осылайша қойылым атауымен атай кеткені расымен таңғалдырды. — Актер сахналық киімін кигендеөзінің таныс иісін сезіп, сахнада сенімді бола түседі. Біз жай ғана костюмер емес, психолог сияқтымыз. «Мынау саған құйып қойғандай. Осы кейіпкерге шынымен ұқсап қалдың» деген сөздер арқылы актердің көңіл күйіне қарап, қолпаштап, шабыт береміз, — деді ол. Тізімінен шығып қалған театр қойылымының киімдерін де сақтайтын ол кейде киімге «екінші өмір» сыйлайтынын айтады. Өйткені көркемдік суретшінің жаңа образына ұқсас болса, оны қоймадан тез-ақ тауып береді. Бұл көркемдік суретшінің де тігіншінің де жұмысын жеңілдетеді. —Кейде қойылым кезінде бір актер бірнеше рет киім ауыстырады. Сол сәтті бақылап тұрып, шымылдықтың артына шыққан актердің киімін лезде ауыстырып, басқа кейіпке келтіреміз. Мысалы, көбіне соғыс, төбелес сахналарында актердің киімі кір, жыртық болады. Көбі сол киімдерді сахнада шынымен жыртады деп ойлайды. Шындығында олай емес. Біз бір киімнің жыртық және лас үлгісін қоса тіктіреміз, — деді А.Андағұлова. Ол актердің баскиімінен бастап аяқкиіміне дейін жауапты. Сахнаға жарқырап шыққан әріптестерімді көргенде іштей өз жұмысыма риза болып қаламын дейді. Отыз жылын осы ордада өткізген ол театрды ерекше құрметтейтінін жеткізді. Тек сахна сыртындағы еңбек те бағаланса деген ниетте… Суретшінің сызбасы Сахналық костюм, түс, мата — көркемдік суретшінің қиялы мен қолтаңбасы. Театрдың жас әрі кәсіби суретшісі Айдана Жылқаманова — Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Ол соңғы бес жылда оннан астам қойылымға костюм эскизін дайындап, өзіндік шығармашылық жолын қалыптастырып үлгерген. — Театрдағы жұмысымды бес жыл бұрын бастадым. Көбі менің жұмысымды костюмерлермен шатастырады. Алайда олардан айырмашылығым — кейіпкерге сай киім үлгісін сызып, киімнің матасын таңдап, тігу процесіне дейін жауаптымын, — деді ол. Айдана қойылымның сценарийімен алғашқылардың бірі болып танысады. Өйткені сахнада көрінетін бейне,ең алдымен, оның қиялында пайда болады. Режиссер қойылым идеясын айтқан сәттен бастап, суретші кейіпкерлердің болмысын ойша елестетеді. — Қиялымдағы бейне қағаз бетіне түспес бұрын, ол менің ойымда өмір сүреді. Қойылым сюжетімен ерте танысу — менің кейіпкерді ішкі жан-дүниеммен сезінуіме көмектеседі. Ол қандай адам? Қандай мінезі бар? Оның үні қандай, жүрісі қандай, өткен өмірі қандай? Соның бәрін зерделеп барып, сызбаға кірісемін. Бұл — сырт келбетті ғана емес, ішкі дүниені кестелеу, — дейді Айдана. Театрлық костюм — кейіпкер табиғатын ашатын маңызды құрал. Режиссердің идеясын тыңдап,талантымен ұштастырыпкиім үлгілейтін ол осы кезге дейін оннан аса қойылымға киім үлгісін сызған. Шамамен әр қойылымда оннан аса кейіпкер болады. —Бұрын үлгіні қағазға сызатынбыз. Ол бірнеше күніңді алады әрі қордаланған сызбаларды сақтау қиындық тудыратын. Ал қазір заманға сай гаджетке көштім. Бұл түзетулер енгізуді жеңілдетеді. Режиссер киімге өзгеріс енгізу жайлы ұсыныс айтса, бір сәтте-ақ өзгертемін. Бұл шығармашылық еркіндік пен уақыт үнемдеуге жол ашады. Бір киімді үлгілеу — бір бейнені жасау деген сөз,— дейді А.Жылқаманова. Айдана үшін көркемдік цех — шабыт пен жан тыныштығының ордасы.Ол отырған кабинетте расымен шығармашыл адам жұмыс істейтіні байқалады. Сөреде тұрған құрал-саймандар, қағаз қиындысы, бояудың түр түрі шағын шеберхана тәрізді. Оған сол бояудың, желімнің иісін қосыңыз. — Мұндағы бояу, желім, мата иістері көпшілікті мазаласа, маған шабыт сыйлайды. Бұл орта — менің

Асхат Шахаров өңірде алғаш рет сахналанған «Әлия» мюзиклін тамашалады

Мюзикл Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында сахналанды. Туындыда Әлияның балалық шағынан бастап, майдандағы ерлік жолы сахналық көріністер арқылы әсерлі жеткізілген. Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры ұсынған премьераны қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Асхат Шахаров та тамашалады. Спектакльден соң, әртістермен кездесіп, алған әсерін жеткізді, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, театр ұжымына Ақтөбеде салынатын жаңа театрдың құрылысы туралы айтты. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өңір басшысы биыл Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы туралы сөз қозғаған. «Ақтөбеліктер үшін бұл туындының мәні ерекше – Әлия осы өңірдің тумасы. Батыр қыздың 100 жылдығына арналған мәдени-танымдық шаралар жыл бойы жалғасады. Маусым айында Қобда ауданында этноауыл құрылып, ірі шара өтсе, облыс орталығында кең көлемді гала-концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдар Әлия жайлы тың деректермен бөліспек», – деп жазған әкім барша тұрғындарды мерейтой аясында өтетін іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды. Н.ДАБЫЛ.

«Әлия» мюзиклінің тұсаукесері өтті

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында «Әлия» мюзиклінің тұсаукесері аншлагпен өтті. Көрермен залға лық толып, тарихи қойылымды жылы қабылдады. Жаңа мюзикл-спектакль қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың өмір жолына арналған. Қойылым оның тағдырлы балалық шағы, әскери өмірі мен майдандағы ерлігі туралы сыр шертеді. Спектакль премьерасы батыр қыздың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Қойылымды Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, танымал режиссер Есләм Нұртазин жүзеге асырды. Спектакльде тарихи-биографиялық оқиғалар драмалық тартыстармен, әсерлі диалогтармен және жанды музыкалық көріністермен өрілді. —«Әлия» — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін баяндайтын тарихи-музыкалық пьеса. Шығармада оның қиын балалық шағы, ер- азаматтармен қатар соғысқа аттанып, Отан үшін жанын қиған ерлігі бейнеленеді. Әлияның қайсарлығы мен елге деген сүйіспеншілігі көркемдік тұрғыда терең ашылады,— деді Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрдыңкөркемдік жетекшісі Бағдат Телеуғалиев. Мюзикл соғыс кезіндегі қақтығыстар мен шайқастарды хореография арқылы жеткізумен ерекшеленді. Әрбір көрініс музыкамен және би қимылдарымен үйлесіп, көрерменге зор әсер қалдырды. Қойылымға қатысқан Ахтанов театрының актерлік құрамы үшін пьеса арнайы жазылған. «Әлия» мюзиклі ел тарихындағы ерлік пен отаншылдықты дәріптейтін, жас ұрпаққа үлгі боларлық маңызды туынды ретінде бағалануда. Арайлым НҰРБАЕВА.